Еріктілер, белсенді азаматтар, ҮЕҰ және бизнес қорғалмаған санаттағы азаматтарға көмек көрсетуді жалғастыруда. Осылайша, "Қайырымды істер марафоны" жалпыұлттық жобасы қарқын алып келеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта "Қайырымды істер марафонын" 60-тан астам ҮЕҰ мен бизнес өкілдері қолдады. Олардың арасында "Samruk Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, "Верный капитал" компаниялар тобы, Қазақстанның Азаматтық Альянсы, ұлттық еріктілер желісі, қазақстандық спортшылар одағы, "Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту Қоры" ҚҚ, "Altyn Qyran Foundation" ҚҚ, "Aitas KZ" АҚ, "Кар-Тел" ЖШС, "АстанаГаз" ЖШС, "Оператор РОП" ЖШС, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ бар.
15-21 ақпан аралығында "Қайырымды істер марафоны" аясында еліміздің түкпір-түкпірінде 135 іс-шара өткізіліп, 2000-нан астам адамға қолдау көрсетілді.
Шығыс Қазақстан облысында еріктілер аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеттерін таратып, қарт адамдарға үйде көмек көрсету үшін "Ешкім жалғыз қалмайды" қайырымдылық акцияларын өткізді.
Ақтөбе облысында "Қайырымды істер марафоны" акциясы ресми түрде басталды. Қайырымдылық марафоны барысында мүмкіндігі шектеулі 15 адам "Шипагер" сауықтыру орталығында емделуге жолдама алды.
Волонтерлік ұйымдардың басшылары Тәуелсіздік құрдастарының атынан "Қайырымды істер марафоны" жалпыұлттық жобасын қолдауға шақырды. Олар қиын өмірлік жағдайға тап болған Қ.Мейрамғалидің отбасына 400 мың теңге сомасында сертификат табыс етті. Бұл қаражат тұрғын үй сатып алуға бастапқы жарна ретінде пайдаланылатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Мемлекет басшысының бастамасымен "Қайырымды істер марафоны" жалпыұлттық жобасы бастау алды. Марафонға қатысуға барлық қазақстандықтар, соның ішінде мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, бизнес және ЖОО өкілдері шақырылды.
Жобаның үйлестірушісі – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы. Ұйымдастыру сұрақтары бойынша 8 (7172) 221224 нөміріне хабарласуға болады; e-mail: dobryhdelmarafon@gmail.com.