© Sputnik / Кирилл Каллиников
Үш күнде құны 31 млн теңгеден асатын қайтарылған активтер сатылған. Бұл туралы "Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі хабарлады.
30 сәуір, 2 және 6 мамыр күндері E-Qazyna электронды платформасында өткен аукциондық сауда-саттық нәтижесінде 9 сағат пен 5 зергерлік бұйым сатылды. Жалпы мәміле сомасы 31 млн теңгеден асады.
"Қайтарылған активтерді сату барлық қатысушыға тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін ашық әрі айқын тәсіл арқылы өтті. Сауда-саттықтың сәтті өтуі нарық тарапынан мұндай активтерге жоғары қызығушылық бар екенін және активтерді сандық форматта сатудың сенімділігі артып келе жатқанын дәлелдейді", - дейді серіктетік.
Тараптар 10 жұмыс күні ішінде сатып алу-сату шартын жасасады. Актив жеңімпазға шарт талаптарына сәйкес сатушының шотына толық төлем жасалғаннан кейін ғана беріледі.
Түскен қаражат арнайы мемлекеттік қорға жіберіледі және одан әрі әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға жұмсалады.