Нұрсұлтан Назарбаев - көптеген табысты халықаралық жобалардың авторы әрі идеялық шабыттандырушысы. Мұндай пікірді «Нұрсұлтан Назарбаев: Жаһандық ауқымдағы саясаткер» атты халықаралық конференция барысында АӨСШК хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбайдың айтуынша, АӨСШК идеясын Нұрсұлтан Әбішұлы алғаш рет 1992 жылдың қазан айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында ұсынған.
Ұйымның 30 жылдығында VI Саммит Қазақстанда өтеді.
«Елбасының бұл бастамасы ашық, транспарентті, инклюзивті, эволюциялық және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттарына негізделген өңірлік қауіпсіздік архитектурасы бойынша диалогқа арналған азиялық платформаның іргетасын қалады және барлық мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруіне жағдай жасайды», - деді АӨСШК хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай.
Бүгінде АӨСШК 27 елге дейін өсті және мүше мемлекеттердің жиынтық аумағы әлем халқының жартысынан астамы тұратын Азия құрлығының шамамен 90%-ын қамтиды. АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің үлесіне әлемдік ЖІӨ-нің 50%-дан астамы тиесілі және олар жаһандық экономикалық өсудің үштен екісін генерациялайды. 2018 жылы Хатшылық толығымен Нұр-Сұлтан қаласына көшірілді. Осылайша, дәйекті эволюциялық даму нәтижесінде АӨСШК толыққанды ұйымдастырудың негізгі белгілеріне ие болды.
«Дәйектілік пен болжамдылық, сонымен қатар тарихи және өзекті тәжірибені тыңғылықты талдауға негізделген батыл инновациялық тәсілдер, саяси көрегенділік дарыны, менің ойымша, саяси көшбасшылар, мемлекеттік қайраткерлер және олар өкілдік ететін ұлттар мен халықаралық ұйымдар тарапынан Елбасына терең сенімнің басты құрамдас бөлігі болды. Ал шын мәнінде, бұл сенім Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық ауқымдағы саясаткер екенін халықаралық деңгейде мойындауға ұласты. Конференциямыздың алдыңғы құрметті спикерлері атап өткен Ұлы дала елі - Қазақстанның қонақжай жеріндегі жоғары деңгейдегі халықаралық кездесулер немесе Қазақстанның Тұңғыш Президентінің қатысуымен өтетін өзге де халықаралық форматтар Қазақстан үшін ғана емес, халықаралық қоғамдастық үшін де айтулы оқиға қарсаңында біздің бүгінгі кездесуіміздің тақырыбын айқындап, бекіте түседі. Менің ойымша, АӨСШК аясында былтыр Душанбеде өткен АӨСШК 5-ші саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған форумның негізін қалаушы ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың басты рөл атқаратын Даналар кеңесін құру туралы бастама кеңеске мүше елдердің тиісті бағасын табады», - деп қорытындылады Сарыбай.