16 қаң, 2019 сағат 19:56

Қайрат Мәми Сот әкімшілігі жөніндегі халықаралық қауымдастық басшысымен кездесті

Конституциялық Кеңестің төрағасы Қайрат Мәми Сот әкімшілігі жөніндегі халықаралық қауымдастықтың Президенті Марк Биир мырзаны қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстандық тараптан кездесуге АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов те қатысты.

Кездесу барысында Конституциялық Кеңестің төрағасы шетелдік қонақты Конституциялық Кеңестің Негізгі Заңның үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметімен, сондай-ақ 2017 жылы Қазақстанда жүргізілген конституциялық реформаның негізгі, оның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы ерекше құқықтық режимге қатысты бағыттарымен таныстырды.


Бұдан басқа, тараптар ағымдағы жылғы қыркүйек айында Астана қаласында Халықаралық Судьялар қауымдастығы (ХСҚ) мен Сот әкімшілігі жөніндегі халықаралық қауымдастықтың (СӘжХҚ) бірлескен форумын ұйымдастыру және өткізу мәселелерін талқылады.

Қазақстан Судьялар одағы ХСҚ-қа 2004 жылы экстраординарлық мүше ретінде кірді, ал 2011 жылы осы беделді халықаралық құрылымның толыққанды мүшесі болды. 2016 жылдан бастап Қазақстан СӘжХҚ жұмысына қатысады. 

Шетелдік қонақ ұлттық сот жүйелерінің алдында тұрған жалпы міндеттерді шешу үшін халықаралық сот қауымдастығын шоғырландыруға бағытталған СӘжХҚ-ның қызметі туралы хабардар етті.

Қорыта келе, Қайрат Мәми шетелдік әріптесіне Қазақстанда жүргізіліп жатқан құқықтық реформаларға үлкен қызығушылық танытқаны үшін алғыс айтып, құқық үстемдігі қағидаттарын бекіту саласындағы ынтымақтастықтың табысты жалғасатынына сенім білдірді.