05 жел, 2018 сағат 10:37

Қайрат Қожамжаров Тәжікстанның Бас Прокурорымен кездесті

Бүгін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қайрат Қожамжаров Тәжікстан Республикасының Бас Прокуроры Юсуф Рахмонмен кездесті.

Қадағалау ведомстволарының басшылары арасында трансұлттық қылмысқа, экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері сындарлы талқыланды.

Қайрат Қожамжаров қылмыскерлерді экстрадициялау, беру, ұрланған активтерді қайтару мәселелерін кешенді шешуге ықпал ететін өңірлік және халықаралық ұйымдардың тиімділігін атап өтті.

Аталған аспектілер бойынша Қазақстан мен Тәжікстан азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы, бас бостандығынан айыруға сотталғандарды жазасын одан әрі өтеу үшін беру туралы және қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысушыларды қорғау туралы конвенциялардың қатысушылары болып табылады.  

Қазақстан терроризмге қарсы күрес саласындағы 16 халықаралық құқықтық құжатқа қосылды.

Тараптар ведомстволар арасындағы қалыптасқан екіжақты қатынастарды, сондай-ақ қылмыстық-құқықтық саладағы өзара тиімді ынтымақтастықтың келешегін жоғары бағалады.

Осындай өзара іс-қимыл аясында ағымдағы жылы Қазақстаннан Тәжікстанға 5 адам экстрадицияланды.

Еліміздің түзеу мекемелерінде 75 тәжік азаматы, Тәжікстанның қамау орындарында 8 қазақстандық жазасын өтеп жатыр.

Сондай-ақ, Бас Прокурор халықаралық террористік ұйымдардың іс-қимылына ерекше назар аударды. Тәжікстанның осы саладағы тәжірибесінің өзектілігі атап өтілді.

Өз тарапынан Юсуф Рахмон барлық талқыланған мәселелер бойынша екіжақты қарым-қатынастарды кеңейтуге дайын екенін білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, Астана қаласында өткен «Аймақаралық ынтымақтастықты нығайту және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресте күш-жігерді үйлестіру» атты халықаралық конференцияда шет елдердің қадағалау ведомстволары өкілдерінің қатысуы аясында Қазақстанның Бас Прокуроры Қ. Қожамжаров бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.