27 қаз, 2022 сағат 12:14

"Қайрат" ФК Алматы меншігіне беріле ме - әкімнің жауабы

Фото: "Қайрат" ФК

Алматы әкімі Ерболат Досаев "Қайрат" футбол клубының тағдырына қатысты сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтты. "Қайрат" жанкүйерлерінің бірі мегаполис басшысынан клубтың тағдыры туралы сұрады.

"Қайрат" қазір қиын жағдайда, оған көмек керек. Ондағы футболшылар "Ақтөбе", "Астана" және басқа клубтарға кетіп қалды, өйткені олар көп төлейді және кез келген ойыншыны таңдай алады. Ал бізде Алматыда үш миллион адам тұрады, бірақ клуб төртінші орында. "Қайрат" академиясының барлық үздік тәрбиеленушілері басқа командаларға кетті", - деп налыды алматылық клубтың жанкүйері.

Ерболат Досаев "Қайрат" әлі жекеменшікте екенін айтты.

"Қайрат" клубы бойынша - көреміз. Ол жекеменшікте. Біз сот шешімін күтіп отырмыз. Қаланың меншігіне өткен кезде клубқа көмек көрсету мәселесін қарастырамыз.

Клуб әлі қаланың меншігіне өткен жоқ. Меншікке өткеннен кейін, көмек көрсетіледі", - деді Алматы әкімі.

Еске салайық, бұған дейін бірқатар БАҚ-та "бизнесмен Қайрат Боранбаев "Қайрат" футбол клубын барлық инфрақұрылымымен Алматы әкімдігіне берді" деген ақпарат тараған болатын. Кейін "Қайрат" футбол клубының баспасөз қызметі ресми мәлімдеме таратты.