15 там, 2016 сағат 14:21

Қайрат Ералиев: Мен бүгін төрешілердің құрбаны болдым (Фото)

- Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бүгін шаршы алаңға шыққан Қайрат Ералиев жекпе-жектен кейін, өз ойымен бөлісті, деп хабарлайды Риодағы ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен негізі жеңілген жоқпын. Қарсыласымнан артық жұдырықтаспасам, кем болған жоқ. Оның соққыларының барлығы менің қорғанысымнан өте алмады. Ал мен көптеген соққыларымды дөп тигіздім деп нық сеніммен айта аламын», - деді Ералиев.
Ол Дохада өткен әлем біріншілігінде осы боксшымен кездескенін айтты. 

«Мен бұл боксшымен Дохада өткен әлем чемпионатында кездескем. Онда таза ұтылған болатынмын. Мойындайтын кезде мойындау керек. Ал бүгін ұтылдым деп айта алмаймын. Мені төрешілер аяғымнан шалды. Олимпиада жүлдесі бұйырмай тұрған шығар. Төреші кімнің қолын көтерсе, сол жеңді деген сөз. бірақ, кімнің мықты жұдырықтасқанын жанкүйерлер, халық көріп отыр. бағасын солар береді», - деп әңгімесін қысқа қайырды боксшы.

56 келі салмақтағы ел намысын қорғаған отандасымыз Қайрат Ералиев өзбек Муроджон Ахмадалиевтен ұпай саны бойынша ұтылды.

Естеріңізге сала кетейік. Қазақстан Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында жалпы есепте 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медальмен 16-орында келеді. 

Жарыстың алғашқы күнінде дзюдодан ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Елдос Сметов ел қоржынына күміс жүлде салса, 48 келіге дейінгі салмақта әйелдер арасында жарысқа қатысқан Отгонцэцэг Галбадрах Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Ал үшінші медальді қоржынға ауыр атлет Фархад Харки салды. Ол ерлер арасындағы 62 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен болатын. Олимпиаданың төртінші күні тағы бір ауыр атлет қызымыз Карина Горичева 63 келі салмақта төртінші медальді ел қоржынына салса, Олимпиаданың бесінші күні екі спортшымыз - ауыр атлет Ниджат Рахимов пен Дмитрий Баландин 200 метр қашықтыққа жүзуден екі алтынды жеңіп алды. Ал осы күні әйелдер арасында сынға түскен ауыр атлет қазақтың қызы Жазира Жаппарқұл күміс жүлдегер атанды.


 
 

Автор: Күнсұлтан Отарбай