"Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан ХХХІ Олимпиада ойындарында бокстан 56 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін қазақ боксшысы Қайрат Ералиев өзінің екінші жекпе-жегінде өзбек спортшысы Муроджон Ахмадалиевтен жеңіліп қалды", - деп жазады "Ұлт ақпарат".
Үш раунд бойы қазақ боксшысы қарсыласынан бір бас жоғары өнер көрсеткенмен, төрешілердің шешімен келесі кезеңге Ахмадалиев шықты. Қорытынды есеп – 3:0 (28:29, 28:29, 28:29).
Осылайша, Ералиев Олимпиада ойындарында жүлдеге іліге алмаған төртінші қазақстандық боксшы болды. Мұның алдында Біржан Жақыпов, Берік Әбдірахманов, Абылайхан Жақыпов жарысты ерте аяқтаған еді.
Қайрат осының алдында 1/16 финалда әзірбайжандық әлем чемпионы Жабид Челебиевті жеңген болатын. Бұл жекпе-жекті шетелдік басылымдар жоғары бағалаған еді. Жерлесіміздің қорғанысын әйгілі Мұхаммед Әлимен салыстырғандар болды.
Айта кетейік, боксшыларымыз биыл алғаш рет Олимпиадаға толық құрамда барған болатын. Кеше 91 келідегі Василий Левит финалға шықты. Бүгін ұлттық құраманың капитаны 69 келідегі Данияр Елеусінов финалдық жолдаманы француз боксшысымен сарапқа салады.
Ұлт порталы