02 ақп, 2021 сағат 13:12

Қай облыста зейнетақы жинағының бір бөлігін алу өтінімдері көбірек мақұлданды?

«Отбасы банк» АҚ басшысы Ләззат Ибрагимова қай облыста зейнетақы жинағының бір бөлігін алу өтінімдері көбірек мақұлданғанын айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында банк басшысына БАҚ өкілінен «қай облыста зейнетақы жинағының бір бөлігін алу өтінімдері көбірек мақұлданды?» деп сұрақ қойылды.

«Алматы - өтінімдерді мақұлдау жағынан және зейнетақы жинақтары бойынша абсолютті көшбасшы», - деді Ләззат Ибрагимова.

Айта кетсек, бұған дейін «Отбасы банк» АҚ басшысы зейнетақы жинағы ең көп 4 өңірді атаған болатын. 

«658 млрд теңге! Алматы қаласындағы салымшылар (зейнетақының бір бөлігін пайдалана алатын азаматтардың жалпы жинағы) жинаған зейнетақы қоры осындай. Екінші орында – Маңғыстау облысы. Ол өңірдің халқының зейнетақы қорындағы жалпы жинағы 397 млрд теңге. Үшінші орында – Нұр-Сұлтан қаласы. Елордада бағдарламаға қатыса алатын азаматтардың жалпы зейнетақы жинағы 325,9 млрд теңге (13,3 пайыз). Төртінші орында – Атырау облысы (257,4 млрд теңге) – 10,4 пайыз. Осы төрт өңірдің халқы зейнетақы жинағын пайдалана алатын азаматтардың 70 пайыздан астамын құрап отыр», - деген еді Ләззат Ибрагимова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.