09 қаз, 2020 сағат 17:53

Қатаң карантин қайталанса, қанша адам жұмыссыз қалуы мүмкін?

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елімізде қатаң карантин енгізілсе, еңбек нарығындағы жағдай қандай болатынын сипаттап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Эпидемиологиялық ахуалға тоқталсақ, Үкімет елімізде эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығын сақтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. Егер індетке қатысты жағдай ушығып кетсе, Үкімет экономиканы, бизнесті және халықты қолдау бойынша тиісті қадамдарды жасайды. Алайда нақты бір төлемдер мен сомалар жайында айту ертерек», - деді Б. Нұрымбетов Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Сонымен қатар ол Еңбек министрлігі індетке қатысты алдағы болуы мүмкін жағдайға тиісті бағалау жүргізгенін айтты. 

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығымыз жағдайдың ең нашар деген нұсқасына тиісті бағалау жүргізді. Осы орайда бізде көктемде болған қатаң карантиндік шараларды ескеріп, еңбек нарығын зерделеді. Егер Үкімет осындай қатаң шараларды қабылдауға мәжбүр болса, онда 4 миллионға жуық адам өздерінің жұмыс орындарын сақтап қалады», - деді ведомство басшысы. 

Бұл тұрғыда бірінші кезекте құрылыс, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау салаларында сақталады. 

«2,5 миллион адам қашықтан жұмыс істеу режиміне өтеді. Бұл жоғары біліктілік мамандарына қатысты. 2 миллионға жуық адамға қатысты жұмыс уақытының қысқаруы болуы мүмкін. Осы орайда сауда, көлік, тамақтандыру саласын қамтуы ықтимал. Біздің сарапшылардың есебінше, қатаң карантин енгізілсе, тағы 160 мыңға тарта адам жұмыстан босатылып, жұмыссыз қалуы мүмкін», - деп түсіндірді министр.