- Елімізде болу мерзімін бұзған шетелдіктерге айыппұлды сот шешімінсіз шекарада төлеулеріне рұқсат беру қажет. Мұндай ұсынысты бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жасады, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Айта кететін бір жайт, визалық режим жеткілікті деңгейде ырықтандырылды. Әріптестеріміздің түсіністікпен қарағандары үшін алғыс айтамыз. 2017 жылдан бастап 55 елге визасыз режим енгізіледі. Аталған елдердің азаматтары мен инвесторлары Қазақстанда 30 күнге дейін тіркелмей-ақ жүре алады және кірер алдында автоматты түрде тіркеледі. Сонымен бірге, инвесторлар үшін жұмыс визасын рәсімдеу үдерісін жеңілдету мәселесі өзекті болып қалып отыр»,- деп атап өтті министр.
Осыған байланысты Қасымбек Еуропа елдерінің тәжірибесі бойынша Сыртқы істер министрлігімен виза беру тәртібін «аутсорсингке» беру және электрондық виза енгізу келісіміне қол жеткізілгенін атап өтті. Сонымен қатар оның сөзіне қарағанда, жұмыс визасын алу үшін келісім мерзімі айтарлықтай ұзақ күйінде қалып отыр. Заң бойынша бұл 41 күнге дейін, тәжірибеде 2 аптаға дейінгі уақытта алады.
«Осыған байланысты, әріптестерімізден әдеттегі тәжірибедегідей заңнамалық мерзімді 14 күнге дейін қысқарту мүмкіндігін қарастыруды сұрағымыз келеді. Осындай оңтайлы жағдайлармен қатар, миграциялық режимді бұзған шетел азаматтарын қатаң жазалау туралы мәселе маңызды күйінде қалып отыр. Бұл саланың құқықтық қатынасын лайықты түрде декриминализациялау керек, деп есептейміз. Яғни, шетел азаматтарының елімізде болу мерзімін бұзған жағдайда ерікті түрде айыппұлды сот шешімінсіз шекарада төлеулеріне рұқсат беру қажет»,- деді ол.