13 қыр, 2019 сағат 14:02

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарының үш ерекшелігі аталды

ҚР Президентінің көмекшісі Мұрат Нұртілеуов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарының үш ерекшелігін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Президенті ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мырзаның шақыруы бойынша 10-12 қыркүйекте мемлекеттік сапар шегіп, оның барысында бірқатар екіжақты келіссөздер өткізіп қайтты. Осы ретте, ҚР Президентінің ҚХР-ға сапарының үш ерекшелігін атап өткім келеді. Біріншіден, аталған іс-шара Мемлекет басшысының Президенттік сайлаудан кейінгі Қытайға алғашқы мемлекеттік сапары, жалпы алғанда алғашқы сапар болды. Қытай тарапы да оған үлкен баға беріп отыр. Екіжақты қарым-қатынастардағы басымдық бар екендігін сезініп, олар да өз тараптарынан бізбен етене жұмыс істеуге, бірге дамуға, халықтарымыздың игілігі үшін бірге жұмыс істеуге дайын екенін растады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның атап өтуінше, бұл, Нұр-Сұлтан мен Бейжің арасындағы қарым-қатынастардың қазіргі деңгейі және маңызымен қатар оның болашақ траекториясын айқындау тұрғысынан ерекше басымдыққа ие екендігін көрсетті.

«Өз кезегінде, Президент Тоқаев сабақтастықты сақтай отырып, өзара байланыстар мен ынтымақтастықты тың белеске шығаруға Қазақстан мүдделі екенін мәлімдеді. Айта кету керек, қытай тарапы да бұған үлкен мән беретіндігін көрдік. Олар бізбен сауда-экономикалық қатынастарды, көліктік, логистикалық, өндірістік, сонымен қатар жаңа бағыттарда жұмыс істеуге дайын екендіктерін растады», - деді Президент көмекшісі.

М.Нұртілеуовтің айтуынша, екіншіден, сапар дүниежүзілік саясат пен экономикадаға аумалы-төкпелі кезеңде өтіп отыр.

«Бұл біздің қатынастардың стратегиялық сипатқа толық сәйкес екендігін тағы да көрсетті. Сәйкесінше, осы тұста екі ел лидерлері аймақтық және халықаралық мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Ортақ ұстанымдарын, сонымен қатар өзекті проблемлалар бойынша позицияларын топшылады», - деді ол.

Үшіншіден, Мемлекет басшысының көмекшісі Президент сапары Қытайдың 70 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылғанына назар аудартты.

«Осы қадаммен біз Қытаймен достас халық екендігімізді көрсеттік. Тату көршілікті көрсеттік. Өзара тиімді ықпалдастықты әрі қарай жан-жақты бекіте түсуге дайындығымызды білдірдік», - деді М.Нұртілеуов.