Фото: Ақорда
Президент, журналистер қауымын алдағы Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен құттықтап, ұлттық медиа – халықтың үні, ал журналист жасампаздық жаршысы екенін атап өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
"Сіздер мемлекет саясатын елге түсіндіріп, қоғам мен биліктің арасында көпір болып келесіздер. Елімізде жасалып жатқан реформалардың мән-мағынасын жұртшылыққа жеткізіп жүрсіздер. Бұл – өте маңызды, күрделі, ерекше жұмыс. Әрбір адамның қолынан келмейді. Мен бүгін бәріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін.
Қоғамда пікір алуандығы орнықты, яғни, өз ойын заңға сәйкес айта алатын, көкірегі ояу, өркениетті қоғам орнығуда. Халқымыздың мүлде жаңа саяси болмысы қалыптасты. Заң мен тәртіп тұжырымдамасы қоғамымыздың сана-сезімінің ажырамас бөлігіне айналып жатыр", – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы қазір арқаны кеңге салатын уақыт емес екенін айта келе, әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық ахуал шиеленісе түскеніне тоқталды.
"Жаһандық қауіпсіздік жүйесі түбегейлі өзгеріп жатыр. Алпауыт елдердің текетіресі ушығып, кейбір аймақта қарулы қақтығыстар өршіп барады. Әлемдік аренада күрделі, бізге беймәлім, терең түсінуді қажет ететін үдерістер орын алуда. Негізінде, халықаралық құқыққа қатысты ұғымдар араласып кетті. Күштінің құқы дәріптеле бастады. Ғаламдық цифрлық трансформация бүкіл адамзатқа бұрын-соңды болмаған қиындықтар әкеледі. Әлем жаңа дәуірге қадам басты.
Жасанды интеллектінің кеңінен таралуы кез келген мамандыққа, соның ішінде сіздердің кәсіптеріңізге де мүлдем жаңа талаптар қояды. Көптеген сарапшылар келешекте адам еңбегін алгоритмдер алмастыратынын айтып жүр. Алайда бұл өзгерістер журналистиканың жаңа мүмкіндіктерін, шын мәнінде екінші тынысын ашуы әбден мүмкін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, алмағайып, бұлыңғыр заманда, ең алдымен, ел бірлігін сақтап, басты байлығымыз – тұрақтылық пен тыныштықты бағалау қажет.
"Журналистің ағартушылық миссиясы алдыңғы қатарға шықты. Кез келген ақпаратты мұқият елеп-екшеп, жұртқа дұрыс жол көрсету өте маңызды. Бұл ретте, сіздерді ақпарат әлемінің темірқазығы деуге болады. Мен журналистеріміздің әр мәліметті ұлт мүддесі тұрғысынан саралай аларына сенемін. Өйткені өзім көп оқимын, сіздер жазған мақалалармен, ой-пікірлермен таныспын", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жиынға ақпарат саласының ардагерлері арнайы шақырылғанына назар аударды.
"Сауық Жақанова, Жарылқап Бейсенбайұлы, Шархан Қазығұл сияқты журналистика майталмандары ортамызда отыр. Сіздер ұлттық ақпарат саласын дамытуға зор үлес қостыңыздар. Тілшілердің тұтас буыны өздеріңізге қарап өсті. Сіздерге зор ризашылығымды білдіремін. Қай салада болсын, адал еңбек лайықты бағалануға тиіс. Бұл – бәріміз бірге құрып жатқан әділетті қоғамның мызғымас ұстанымы", – деді Президент.