ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев РФ Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті, - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшылары бірін-бірі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады.
Қазақстан Президенті аталған датаның фашизмге қарсы иық тіресіп соғысқан бұрынғы Кеңес Одағының барлық халқы үшін аса маңызды екенін атап өтіп, екі елдің ардагерлеріне мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
Ресей Президенті Қазақстан халқына бақ-береке тілеп, жүрекжарды сәлемін жолдады.
Тараптар коронавирус пандемиясына қарсы күрес мәселесін талқылау кезінде екі елдің осы бағытта тығыз ықпалдастық орнатқанын айтты.
Владимир Путин Қазақстан Үкіметінің індетке қарсы күрес жөніндегі шешімдері мен іс-қимылдарын Ресей тарапы мұқият бақылап отырғанын жеткізді. Осы ретте Ресей Президенті елімізде жүргізіліп жатқан халыққа, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету шараларын жоғары бағалап, барлық іс-әрекеттің дер кезінде қабылданып, тиімді жүзеге асқанын атап өтті.
Әңгіме соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің алдағы уақытта өтетін отырысына дайындық мәселелерін талқылады.