Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық штабы Сыр бойы тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" штабтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылорда облысындағы сенімді өкілдері Нұрмұрат Ерманов пен Жағыппар Қарабала паралимпиадашыларымен кездесті. Олар спортшыларға кандидаттың сайлауалды бағдарламасын түсіндірді.
Сыр өңірінде былтыр алғаш рет мүгедектерге арналған спорт клубы құрылды. 300-ден астам паралимпиадашы спорттың 15 түрімен тұрақты түрде шұғылданады. Жеткен жетістіктері де аз емес. Былтыр Әлем, Азия және халықаралық бәсекелерде 20-ға жуық жүлдені иеленді. Биыл ел біріншілігінде қоржынға 14 жүлде салды.
Сонымен қатар, штаб өкілдері Жаңақорған ауданындағы күкірт қышқылы зауытының ұжымымен де кездесті.
Күкірт қышқылын өндіретін «СКЗ-U» ЖШС Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған. Зауыттың қуаты күніне - 1500 тонна, жылына - 500 мың тонна. Кәсіпорын 300-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Өнім өндіруде қалдықсыз жұмыс істейді. Ерекшелігі - экологиялық таза өнім шығарады.
Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілдері еңбек ұжымына сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, сайлауға бір кісідей қатысып, дауыс беруге шақырды.
Кездесу барысында жиналғандар еркін пікір алмасып, сенімді өкілдер жұмысшыларды толғандырған сұрақтарға жауап берді.