Президентікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық штабының өкілдері Ақтөбеде бірқатар кездесулер өткізді. Бұл жөнінде штабтың баспасөз қызметі хабарлады.
Өзін-өзін жұмыспен қамтыған ақтөбеліктермен кездесуде президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасындағы жұмыспен қамту мәселесі сөз болды.
Соның бірі - «Алтай» сауда орталығында болған жүздесу. Оған 120-дан астам саудагер, кәсіпкер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар қатысты.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі Нұрлыбек Жүсіпов кандидаттың сайлауалды бағдарламасының жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашуға қатысты кейбір тармақтарын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Сондай-ақ, кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенім білдірген өкілдері Ақтөбеде 100-ден астам мүмкіндігі шектеулі жанмен кездесті.
Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі Елеусін Сағындықов кандидаттың сайлауалды бағдарламасын жан-жақты түсіндіріп, оның кәсіби шеберлігін, біліктілігін көрсететін өмірінің кейбір тұстарын әңгімеледі.
Сонымен қатар, штаб өкілдері «Үздік шешім» еңбек ұжымымен кездесіп, сайлауалды бағдарламаны таныстырды. Серіктестік қызметкерлеріне тұғырнаманың маңызды бағыттарының бірі - аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету екені айтылды.