Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексін әзірлеу және салық реформасы жайында пікір білдірді. Президенттің айтуынша, елімізде салық саясатын қатаңдату емес, ретке келтіру міндеті қойылған, деп хабарлайды Ult.kz.
«Қазіргі Салық кодексі түсініксіз және тым күрделі. Онда көптеген өзгертулер мен ерекшеліктер бар. Бұл құжатты кәсіпкерлер де, мемлекеттік қызметкерлер де әртүрлі түсініп, өз пайдасына қарай қолданады,» – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы салық жеңілдіктері кейбір кәсіпкерлер үшін артықшылыққа айналғанын, ал басқаларға бұл әділетсіз жағдай тудырғанын атап өтті. Бұрынғы жеңілдіктер экономиканың белгілі бір салаларын қолдауға арналғанымен, қазіргі таңда оларды салықтан жалтару үшін қолдану фактілері көбейген.
Қазіргі таңда Парламентте жаңа Салық кодексі қаралуда. Президенттің пікірінше, бұл құжат бизнес пен мемлекеттің мүддесін ескеріп, ашық әрі тұрақты салық жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Қосымша салық түсімдері жаңа мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар салуға жұмсалады. Бұл азаматтардың әл-ауқатын арттырып, экономиканың өсуіне ықпал етеді,» – деп түсіндірді Тоқаев.
Сонымен қатар, Президент ел ішіндегі бірліктің маңыздылығын атап өтті:
«Ырыс ынтымақты елге барады. Ұйыса білген ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан жұртты ортақ мақсатқа жұмылдыру өте маңызды,» – деді Мемлекет басшысы.
Жаңа Салық кодексі Қазақстан экономикасын жаңа деңгейге көтеріп, инвестициялық әлеуетін күшейтуге септігін тигізеді деп күтілуде.