Фото: Ақорда
Вашингтондағы Ақ үйде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп арасында жоғары деңгейдегі келіссөздер өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Кездесу барысында тараптар жалпы құны 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойып, екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамыту жөнінде уағдаласты.
Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентіне Вашингтонға сапармен келуге шақырғаны және қазақстандық делегацияға көрсеткен жылы қабылдауы үшін ризашылығын білдірді. Ол Дональд Трамптың басшылығымен АҚШ-тың әлемдік экономика, саясат және технология саласындағы жетекші рөлін нығайта түскенін атап өтті.
«Америка көшбасшысы әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Қазақстан АҚШ Президентінің бітімгерлік бастамаларын толық қолдайды», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев сонымен бірге «Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолы (TRIPP)» бастамасының маңыздылығын ерекше атап өтіп, бұл жоба Орта дәлізді дамыту мен жаһандық экономикалық байланыстарды күшейтуге сеп болатынын айтты.
Өз кезегінде Дональд Трамп АҚШ-тың Қазақстанмен көпжоспарлы әрі ұзақмерзімді стратегиялық серіктестікті тереңдетуге мүдделі екенін растады.
Келіссөздер барысында екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастық, энергетика, көлік және жоғары технологиялар салаларындағы жобалар, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Ақ үйдегі кездесудің қорытындысы бойынша Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара сенім мен серіктестік жаңа деңгейге көтерілді.
Айта кетейік, Қазақстан мен АҚШ маңызды минералдар саласында әріптестікті күшейтеді.
