Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутаттар құқық қорғау органдарынан мал ұрлығына тосқауыл қоюға қатысты қатаң шаралар қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде мал ұрлығы қоғамдық проблемаға айналғаны баршаға мәлім. Бұл туралы өңірлерде болған кездесулерде, бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі айтылып жүр», - деді сенатор Әбдәлі Нұралиев.
Өз кезегінде Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев шын мәнінде бұл тақырып өте өзекті екенін атап өтті.
«Осы орайда Әділет министрлігі мен өзге де мүдделі органдарға мал ұрлығы мәселесіне ерекше назар аударуды сұраймын. Бұл проблеманы міндетті түрде қарастыру керек. Қоғамда осы мәселе бойынша қызу талқылау болып жатыр. Сондықтан іс-шараларды қатаң түрде қолданбасақ, бұл ахуалды түзету қиынға түседі», - деді Қ. Тоқаев.
Сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің сөзіне қарағанда, 2015-2017 жылдары елімізде 65 мыңнан астам мал ұрланды. Сонымен қатар ол бұған дейін жіберілген депутаттық сауалда мал ұрлығын бөлек бапқа шығару ұсынысы болғанын еске салды.
Айта кетейік, бүгінгі жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.