06 қыр, 2019 сағат 14:48

Қасым-Жомарт Тоқаев: "Кейде кейбір ұрандар мен үндеулер өте тартымды көрінеді..."

Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысының жұмысына қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде елімізді дамытуға және жаңғыртуға бағытталған бастамалар мен ұсыныстарды пысықтау ісіндегі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің рөлін атап өтті.

– Ұлттық кеңестің әрбір мүшесінің өзіндік пікірі мен ұстанымы бар. Бұл - дамыған азаматтық қоғам үшін қалыпты жағдай. Біз бәріміз менің ұлықтау рәсімінде «Әртүрлі пікір – бірыңғай ұлт. Шын мәнінде, баламасыз, бастамасыз және белсенділіксіз даму болмайды. Осы үш кит ілгерілеуді қамтамасыз етеді» деп айтқан сөзімді негізге алуымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның саяси реформаларының алға бірден жүгіріп кетпей, ақылға салып, біртіндеп жүзеге асырылатынын, дамуға және жемісті жұмысқа бағытталатынын айтты.

– Кейде кейбір ұрандар мен үндеулер өте тартымды көрінеді, бірақ олардың авторлары мемлекет алдында жауап бермейді. Реформа реформа үшін – бұл дағдарысқа бастайтын жол әрі мемлекеттің басқаруын жоғалтуға алып келеді. Ешқайсымыздың мұны қаламайтындығымызға сенімдімін. Даму дәйекті әрі үдемелі болуы тиіс. Сонда ғана біз өзіміздің мемлекеттілікті сақтауға және нығайтуға бағытталған азаматтық әрі саяси борышымызды орындаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы мемлекетіміз үшін маңызды әрі көкейтесті мәселелер жөнінде бірыңғай түсініктің маңызды екенін айтты, сондай-ақ өндірістерді көшіруге қатысты қауесеттерге түсініктеме бере отырып, жердің шетелдік азаматтарға сатылмайтынын тағы да атап өтті.

– Соңғы уақытта жер шетелдіктерге сатылады екен немесе көрші елдің 55 ескі зауыты көшіріледі, мыңдаған шетелдік жұмыскерлер тартылады екен деген сияқты түрлі қауесет әңгімелер тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза әңгімелерге ермеуі қажет. Өздерінің көздеген мақсаттарына жету үшін жұрттың патриоттық сезімдерін сәтті пайдалана білетін ойы бұзық адамдар осындай алып-қашпа әңгімелерді шығарып жүр. Биліктің міндеті – қоғаммен диалог жүргізу арқылы мемлекеттік саясаттың мақсатын түсіндіру. Мен жерді ешкімге бермейтінімізді тағы да айтқым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның халықаралық ынтымақтастық, үздік стандарттар мен озық технология үшін ашық екенін атап өтіп, барлық даулы мәселелер консенсус арқылы шешілетінін айтты.

– Қазақстанның сыртқы идеологиясында «халық жауы», «бесінші колонна», «шетелдің ықпалына ұшыраған агенттер» сияқты түсінік жоқ. Бұл - біз үшін жат нәрсе. Біз өз азаматтарымыздың адалдығы мен патриоттығына нық сенеміз. Ұлттық тұтастықтың тағы бір негізі – дамудың демократиялық үлгісіне бейілділік. Біз, ең алдымен, мемлекеттілігімізді нығайту миссиясын басшылыққа алып, рационалды ұстанымда қалуға тиіспіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетті өркендету үшін барлық саланы жаңғырту ісі дамудың стратегиялық мақсаттарының және азаматтық қоғамның пікіріне талдау жасау негізінде жүзеге асырылатынын айтты.

– Азаматтық қоғам өкілдерін ұлттық компаниялардың, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың, орталық мемлекеттік органдардың бақылау кеңестеріне енгізу жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Бұл ашық болуға, соның ішінде қоғамдық назардан тыс қалған квазимемлекеттік сектордың ашық болуына мүмкіндік береді. Ұлттық кеңестің мүшелері «Ашық әкімдік» тәжірибесін жаппай таратуды ұсынып отыр. Шын мәнінде, бізге басқару мәдениетінің жаңа стандартына көшу керек. «Ашық әкімдік» жергілікті биліктің қоғам үшін қолжетімді болуына мүмкіндік береді, халық пен мемлекеттік қызметшілер арасындағы кедергіні алып тастайды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент саяси жүйені жаңғыртуды және кірістердің әділ бөлінуін қамтамасыз етуі тиіс әлеуметтік саясатты қайта қарау ісін жалғастыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің жұмыс тобының аясында Қазақстан халқына арналған Жолдауда айтылған бастамаларды егжей-тегжейлі пысықтауды ұсынды.

Жиында Ұлттық кеңестің мүшелері – Рахым Ошақбаев, Мұхтар Тайжан, Айдос Сарым, Асылбек Қожахметов, Қазыбек Иса, Саясат Нұрбек, Айман Омарова, Ермек Тұрсынов, Сейдахмет Құттықадам, Ораз Жандосов сөз сөйледі.