03 жел, 2019 сағат 13:28

Қасым-Жомарт Тоқаев Катар делегациясын қабылдады

Мемлекет басшысы Катар Орталық банкінің төрағасы Абдалла Әл Тани бастаған ірі қаржы құрылымдарының басшыларымен кездесті, – деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазақстан Президенті Катар делегациясының осы сапары өзара ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беруі тиіс екенін атап өтті.

– Биылғы маусым айында Душанбеде Катар Әмірімен кездестім. Сол кезде біз екі мемлекет арасында дәнекер болатын нақты іс-қимылдарды күшейту жөнінде уағдаластық. Мен оны Қазақстан астанасына ресми сапармен келуге шақырдым. Осыған байланысты сіздердің сапарларыңыздың біз үшін маңызы аса зор деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Катар Орталық банкінің төрағасы Абдалла Әл Тани өз елінің басшылығының Президентке, Үкіметке және Қазақстан халқына жолдаған сәлемін жеткізді.

– Екі ел арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын білесіздер. Біздің сапарымыз осы үрдіске қолдау көрсету болып саналады. Елдеріміздің қаржылық құрылымдары арасында терең әрі тығыз байланыстар орнаған. Біз бір-бірімізбен банк, қаржы және инвестиция бағыттары бойынша ықпалдастық жасап келеміз. Кеше «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында Катардағы ірі банктердің бірінің филиалын ашу жөнінде уағдаластық, – деді Катар қаржыгері.

Сонымен қатар ол екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасының тезірек ашылуы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайта түседі деген пікір айтты. Делегация құрамында Катар Қор биржасының басқарма төрағасы Рашид әл-Мансури, «Masraf Al Rayan» банктер тобының төрағасы Хусейн әл-Абдалла, «Qatar International Islamic Bank» банкінің басқарма төрағасы Абдул Басит әл-Шайби, Qatar National Bank» банкінің басқарма төрағасының міндетін атқарушы Абдулла әл-Халифа, Катар қаржы орталығының Реттеуші ведомствосының басқарма төрағасы Майкл Раян, «Commercial Bank of Qatar» банктер тобының басқарма мүшесі Мохамад Мандани әл-Эмади және Катардың Қазақстандағы елшісі Абдулазиз әл-Румейхи болды.