Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектің 11-12 күндеріне жоспарланған ҚХР-ға мемлекеттік сапары қарсаңында Қытайдың CCTV телеарнасына сұхбат берді. Бұл туралы бүгін Facebook-тегі парақшасында Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы қазақ-қытай қатынастарының даму перспективаларына қатысты өзінің ой-пікірімен бөлісті. Күн тәртібіндегі екіжақты мәселелерден бөлек, қытайлық журналистерді Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі халықаралық қатынастардағы Қытайдың рөліне, ҚХР-ның 70 жылдық мерейтойы қарсаңындағы жетістіктеріне берген бағасы аса қатты қызықтырды», - деп жазды ол.
Сондай-ақ, оның жазуынша, Президент өзге де жеке мәселелерге қатысты сауалдарға жауап берді. Сұхбат CCTV телеарнасының эфирінен көрсетіледі.