09 мау, 2025 сағат 13:52

Қасым-Жомарт Тоқаев Болгария Президенті Румен Радевпен келіссөз жүргізді

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Болгария Президенті Румен Радевті салтанатты түрде қарсы алды. Кейін мемлекеттер басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырып, келіссөз үстеліне отырды, деп хабарлайды Ult.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Болгария – Қазақстанның Еуропадағы ең маңызды серіктестерінің бірі екенін, екі елді тамыры терең саяси және экономикалық ынтымақтастық байланыстыратынын атап өтті.

"Екіжақты сауда айналымының артып келе жатқаны қуантады. Бұл жақсы үрдіс. Біздің нарықта 60-қа жуық болгар компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта біз тау-кен өнеркәсібі, өндіріс, көлік және құрылыс салаларында жемісті ынтымақтастық орнаттық. Энергетика, транспорт және логистика, жасыл энергия, атом өнеркәсібі, ғарыш, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, денсаулық сақтау, туризм секілді перспективті салалар бойынша ықпалдастықтың әлеуеті зор", – деді Қазақстан Президенті.


Румен Радев Болгария екі ел арасындағы дәстүрлі әрі табысты байланысты жоғары бағалайтынын жеткізді.

"Мемлекетіңізді өркендетуге бағытталған ауқымды реформаларыңыз бен көреген саясатыңызды қолдаймын. Біз Қазақстанды Орталық Азиядағы басты серіктесіміз санаймыз. Сіздердің осыған дейінгі табыстарыңыз таңғаларлық: экономикаларыңыз қарқынды өсіп келеді, инновация, ғылым, білім, жоғары технология салаларында зор табысқа жеттіңіздер. Кеше мен Ғарыш орталығын аралап көрдім. Сіздердің жетістіктеріңізден жақсы әсер алдым", – деді Болгария Президенті.