Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы ғарыш саласының қызметкерлері мен ардагерлерін «Байқоңыр» ғарыш айлағының құрылғанына 70 жыл толуымен құттықтады, деп хабарлайды Ult.kz.
"1957 жылы дәл осы арадан жасанды Жер серігі ұшырылып, ғарышты игеру дәуірі басталды. Көп ұзамай, 1961 жылы айлақтан тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин көк жүзіне аттанды. Бұл тарихи оқиға жаһан жұртшылығын біріктіріп, адамзаттың ғылым мен өркениет прогресіне деген сенімін нығайтты. Содан бері Байқоңырдан мыңдаған Жер серігі ұшырылып, ондаған миссия орындалды. Мұнда көрнекті ғалымдар, конструкторлар мен инженерлер жұмыс істеді. Ұлы жетістіктердің бастауында тұрған барлық маманға шексіз ризашылығымды білдіремін!", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы қазақ жерінде орналасқанына ерекше мақтанатынымызды айтты. Халқымыздың қаһарман ұлдары Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов осы арадан космосқа аттанған.
"Еліміз халықаралық ғарышты игеру ісінің белсенді мүшесі саналады. «Байқоңыр» айлағы – Қазақстан мен Ресейдің достыққа, тату көршілікке және өзара түсіністікке негізделген ұзақмерзімді стратегиялық серіктестігінің жарқын көрінісі", - деп қосты ол.
Соңғы онжылдықтарда Қазақстан ұлттық экономиканың дамуына ықпал ететін бірқатар ауқымды ғарыш жобаларын іске асырды. Еліміз Байқоңырды халықаралық ынтымақтастықтың, ғылым мен білімнің және туризмнің орталығына айналдыруға ұмтылады. Ғарыш қызметінің жаңа нарықтарына шығу, жас инженерлердің, конструкторлар мен ғалымдардың әлеуетін арттыру жарқын болашаққа жол ашады.
"Осы орайлы сәтті пайдаланып, Байқоңыр қаласының тұрғындарына айрықша алғыс айтқым келеді. Сіздер табанды еңбек етіп, ғарышты зерттеу ісінің ізашарларынан қалған мол мұраны мұқият сақтап келесіздер. Бұл – зор құрметке лайық. Ғарыш саласы бүкіл адамзатты әрдайым ортақ мақсатқа жұмылдырып, жаңашылдық пен ғылыми-техникалық прогреске бастайды. Байқоңыр алдағы уақытта да ұлы жаңалықтар мен озық инновациялардың қайнар көзі бола береді деп сенемін!
Баршаңызға амандық және табыс тілеймін!", - деді Мемлекет басшысы.