Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған мақаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен қалай танысқанын айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Менің Елбасын алғаш көргеніме де 35 жылдың жүзі болыпты. Нұрсұлтан Әбішұлы 1985 жылдың қыркүйегінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы кезінде Қытайға келген еді. Ол кезде елшілікте жұмыс істейтінмін. Сонда Үкімет басшысының қытайлықтармен келіссөз барысында байқалған мол біліміне, тоталитаризм тұсында қалыптасқан жайлар жөніндегі батыл ойларына, сөзінің жүйелілігіне бәріміз қатты разы болғанбыз. Елшілік қызметкерлерімен бас-аяғы екі жарым сағатқа созылған бейресми әңгімеден кейін бас қосқанымызда мен әріптестеріме қарап: «Тегінде, біз Қазақстанның болашақ басшысымен сөйлескен шығармыз» дедім. Арада бес жыл өткенде Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің басшылығына келді. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тәуелсіздік таңындағы алғашқы кадрлық шешімдерінің бірі менің де тағдырымды айқындап берді. «Беласу» атты кітабымда: «Бұл үлкен жүректі адам менің қабілетіме сенді, сенді де оны өзім туып-өскен Қазақстан игілігі үшін аямай жұмсауыма жол ашты» деп жазған болатынмын» деп жазады Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары болып жүргенде әлемге әйгілі саясаткерлердің Нұрсұлтан Назарбаевқа биік баға берген сөздерін талай естіген.
«Халқымыз үшін мерейлендім. Елдің Президентіне ғана емес, еміренген етене перзентіне айнала білген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қарапайым еңбек адамдарының отбасында дүниеге келді, қазақ мектебінде білім алды, еңбек жолының бастауында шойын қорытып шыңдалды. Өзі туып-өскен Алатаудың асқақ шыңдарындай асқаралы арманына ерте қол созды. Жастайынан жұрттың жайын ойлады, өзі де домбыра шертіп, халық мұрасын жақсы білгендіктен, зиялы қауымға жақын болды. Ұйымдастырушылық қабілеті мен еңбекке деген ерен сүйіспеншілігі жас жетекшіні басқару жүйесінің ең биік шыңына алып келді» деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.