Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Ult.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мейрамдарымен құттықтап, мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет екенін атап өтті.
"Қазір дүние жүзі алмағайып, бұлыңғыр, яғни, өте күрделі кезеңді бастан өткеруде. Осындай құбылмалы уақытта қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету – айрықша маңызды міндет.
Сол себепті, бүгін біз алғаш рет осындай құраммен жиналып отырмыз. Құқық қорғау жүйесіндегі барлық жауапты құрылымдар жұмыла жұмыс істеуі қажет", - деді Президент.
Мемлекет басшысы соңғы жылдары елімізде барлық салада ауқымды реформалар жасалып жатқанын айтты. Мемлекеттің саяси жүйесі мен экономикалық құрылымы түбегейлі жаңғыруда.
"2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзушылық саны шамамен екі есе азайды. Соның ішінде қарақшылық, тонау, ұрлық пен бұзақылық деңгейі 4 есе төмендеді, ал кісі өлтіруге қатысты қылмыстар 30 пайызға кеміді. Қоғамдық орындардағы қылмыс саны 80 пайызға азайды. Бұл – азаматтарымыз көшеде ештеңеден қауіптенбей, алаңсыз жүре алады деген сөз", - деді ол.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес және әйелдер мен балаларды қорғау бойынша заңнамалық, институционалдық тұрғыдан батыл қадамдар жасалып жатқанын айтты.
"Отбасылық зорлық-зомбылық жасағаны үшін берілетін жаза едәуір күшейтілді. Бір жыл бұрын тиісті заң қабылданды. Заңға енгізілген түзетулер мен басқа да шаралар нақты нәтиже бере бастады. Орташа және ауыр деңгейдегі отбасылық-тұрмыстық қылмыс саны жыл басынан бері 30 пайызға төмендеді.
Жалпы, соңғы 5 жылда әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар екі есе азайды. Ең бастысы, қазір қоғамдық сана түбегейлі өзгеріп жатыр. Азаматтарымыздың бойында отбасындағы қатігездік пен озбырлыққа мүлдем төзбеушілік қасиеті қалыптасуда", - деді ол.
Мемлекет басшысы нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы кешенді жұмыс атқарылып жатқанын да айта кетті. Биылдың өзінде 83 есірткі зертханасы жойылып, айналымнан алынған есірткі заттарының көлемі 84 пайызға ұлғайды. Есірткі өндіргені үшін берілетін жаза қатаңдатылды. Тіпті, өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін атап өтті.