24 сәу, 2017 сағат 13:00

Каспий теңізінде балық аулауға тыйым салу мәселесі қаралып жатыр - АШМ

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің басқарма басшысы Нариман Жүнісовтың айтуынша, бүгінде акваторийде балық тапшылығы қатты байқалады. Сол себепті теңізде балықты аулау кәсібіне уақытша тыйым салу мәселесі көтерілді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл бастаманы Атырау облысының әкімдігі де қолдап отыр. Балық шаруашылығы ғалымдары да осы мәселені талқылап шықты. Бірінші талқылауға Маңғыстау әкімдігі мен балықшылар қатысты. Қарсылық жоқ сияқты. Дегенмен, ол мәселе әлі де талқыға салынатын болады. Себебі бүгінде осы аймақта балық шаруашылығымен айналысатындар аз емес», - деді Жүнісов бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, бүгінде балық аулауға тыйым, я болмаса оған уақытша шектеу салу үшін биологиялық негіздеме керек. Жақында өткен алғашқы отырыста аталған негіздемені әзірлеу туралы шешім шығарылды.

«Сол кезде Каспий теңізінде балық аулауға толығымен тыйым салынады, я болмаса, шектеу енгізіледі. Сондықтан қазір нақты кеңестерді күте тұрайық», - де атап көрсетті басқарма басшысы.