31 нау, 2022 сағат 17:40

Kaspi.kz және Halyk Bank қосымшаларында цифрлық құжаттар пайда болды


Қазақстандық банктердің мобильдік қосымшаларында цифрлық құжаттар пайда болды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Былтырғы жылдың аяғынан бері "ҰАТ" АҚ, Kaspi және Halyk мамандарымен бірге Цифрлық құжаттарды мобильді қосымшаларға шығару бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. Бүгін осы мүмкіндік ресми түрде іске қосылады",- деп жазды Бағдат Мусин Facebook-те.

Министр қазір 10 миллион қазақстандық тұрақты түрде цифрлық құжаттар сервисін қолданатынын айтты.

"Бұл өте ыңғайлы, өзіңмен бірге құжаттың түпнұсқасын алып жүру қажет емес. Бүгіннен бастап сервис Kaspi.kz және Halyk Homebank қосымшаларында қолжетімді. Себебі халық мемлекеттік қызметтерге біздің ғана емес, өздеріне ыңғайлы, күнделікті қолданатын арналары арқылы қол жеткізгенін қалаймыз", - деді ол.

Бұл функционал адамның өз келісімі болған жағдайда ғана қосылатынын айта кеткен жөн.