Осы уақытқа дейін шаршы алаңда жеңіліп көрмеген Қазақстан боксшысы Бобыржан Момынов (12-0, 8КО) келесі жекпе-жегіне қатысты жоспарын өзгертті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұған дейін BoxRec.com сайты 27 наурыз күні Ресейдің Екатеринбург қаласында Бобыржан Момынов жартылай орта салмақта бос тұрған IBF Baltic чемпиондық атағы үшін украиналық Эуард Скавинскиймен (13-0, 7КО) жұдырықтасатындығын жария еткен болатын. Дегенмен, ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, отандасымыз 25 наурыз күні Пуэрто-Рикода өтетін Ring City кезекті шоуында шаршы алаңға оралмақ.
«Достар! Алланың қалауымен шаршы алаңға 25 наурызда Пуэрто-Рикода шаршы алаңға оралатындығымды хабарлағым келеді. Сіздерді кезекті рет жеңісіммен қуанту үшін барлық мүмкіндікті жасаймын», - деп жазды отандасымыз Instagram-парақшасында.
Оның бұл жолғы қарсыласы америкалық Брайан Себальо (12-0, 6КО).
Себальо – Қазақстанның бокс жанкүйерлері үшін таныс есім. Ол 2019 жылы шаршы алаңда отандасымыз Бақтияр Аюбаевпен (14-2-1, 12КО) кездесіп, төрешілер шешімімен жеңіске жеткен болатын.
Ал Момынов соңғы жекпе-жегін 2020 жылдың 27 қыркүйегінде Қазан қаласында өткізіп, төрешілердің басым дауысымен ресейлік Вагинак Тамразянды жеңіп, жартылай орта салмақта IBF Eurasia чемпиондық атағын жеңіп алған еді.