10 қар, 2023 сағат 12:42

Кәсіпкерлер қарсы: депутаттар қосылған құн салығына қатысты үкіметке ұсыныс тастады

Фото: esphr.co.uk

Сенат депутаттары қосылған құн салығын 12%-дан 16%-ға дейін көтеру мәселесін отандық кәсіпкерлермен егжей-тегжей талқылауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сенатор Ләззат Рысбекованың айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлікке қатысты салық саясаты жетілдірілмеген. Қазіргі таңда бизнес қауымдастықтың дәл осыған қатысты шағымы көп. Ең алдымен, бұл қосылған құн салығына қатысты.

"Дәлірек айтқанда, қосылған құн салығы ставкасын 12-дан 16%-ға дейін көтеру туралы ұсыныс. Қосылған құн салығын көтеру мәселесін егжей-тегжей пысықтап, отандық кәсіпкерлермен талқылау қажет деп санаймыз", - деді Рысбекова сенатта өтіп жатқан шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тақырыбына арналған үкімет сағатында.

Сондай-ақ, сенат депутаттарының пікірінше, үкімет бизнеске салық жүктемесін өсірмейтін, ауыртпалық алып келмейтін баламалы нұсқаларды қарастыруы қажет. Бұған қоса, қосылған құн салығын қайтару, жұмыс берушілерге салықтар мен әлеуметтік төлемдер бойынша жоғары жүктеменің сақталуы сияқты проблемалар шешуді талап етеді.

"Салық саясатында бизнес пен мемлекет мүддесінің теңгерімі қажет. Салық шаралары шағын бизнесті ірілендіруге ынталандыруға тиіс. Ал қазір, өкінішке қарай, бәрі керісінше. Кәсіпкерлік субъектілерінің ұсақталуы байқалады, яғни шағын кәсіпорындар саны айтарлықтай өсіп жатыр", - деді депутат.

Кәсіпкерлердің пікірінше, теріс үрдіске әсер етіп отырған себептердің 80%-ы қолданыстағы салық салу жүйесімен байланысты. Ал қалған 20%-ы мемлекеттік қолдау шараларымен байланысты, олардың көбі шағын бизнеске бағытталған.

Айта кетері, ұлттық экономика министрлігі жаңа Салық кодексі аясында 2025 жылдан бастап қосылған құн салығын 12 проценттен 16%-ға дейін көтеруді ұсынды. Соның арқасында бюджетке қосымша 2-2,4 трлн теңге түседі деген жоспар бар.

Алайда "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы бұл бастамаға қарсы. Бизнесмендердің пікірінше, салық ставкасы өссе тауарлар мен қызметтер қымбаттайды, халықтың сатып алу қабілеті мен тұтынушылық сұраныс төмендейді.