16 қаң, 2020 сағат 07:16

Кашмирде көшкіннен қаза тапқандар саны 77-ге жетті

Пәкістандағы көшкін салдарынан кемінде 77 адам қаза тауып, 94 адам жарақат алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" CNN-ге сілтеме жасап.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, көшкіннің пайда болуына Пәкістанның Кашмиріндегі Нилум алқабында қалың қар жаууы әсер еткен. Билік өкілдеріне сенсек, қаза тапқандардың саны әлі де артуы мүмкін.

Пәкістанның премьер министрі Имран Хан төтенше жағдайлар агенттігінен, әскерилер мен федералды министрліктерден зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетуді сұрағанын мәлімдеді.

Айта кету керек, биыл Пәкістанда соңғы жиырма жылдағы ең қатты қыс түсті. Кашмирде жауған қар жолдарды жауып, байланыс қызметі үзілді, сонымен қатар электр энергиясын беру қызметі де нашарлады.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін Кашмирде соңғы үш күндегі тас пен топырақ көшкінінен 62 адам қаза тауып, көп адам із-түзсіз кеткенін жазған едік.