25 мам, 2017 сағат 08:28

Қашаған кенішінде өндірілген мұнай үш миллион тоннаға жетті

Атырау облысын орналасқан Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі Қашаған кенішінде өндірілген мұнай үш миллион тоннаға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Былтырғы күзден бастап Қашаған кенішінде мұнай өндіру қайта қолға алынғалы бері жұмыс жоспар бойынша жүзеге асырылуда. Таяуда ғана бұл меже 3 млн тоннаға жетті. Жыл соңына дейін кен орнынан 8 млн тонна мұнай өндіру көзделіп отыр», - деп хабарлады Қазақстандық мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Балтабек Қуандықов.

Еске сала кетсек, кен орнындағы мұнай өндіру былтыр қыркүйек айында қайта қолға алынды. Қазіргі уақытта өндіру көлемі тәулігіне 200 мың баррельге жетті. Бірінші миллион тонна мұнай өндіруге қаңтар айында қол жеткізілді. Екінші миллион Наурыз мерекесі қарсаңында тіркелді. Қашағанды игерудің бірінші кезеңінде ілеспе күкірт газын жерасты қыртыстарына қайта құюды бастау көзделген. Бұдан кейін теңіз мұнайын өндіру тәулігіне 370 мың баррель болмақ. Айта кетерлігі кен орнын пайдалану кезінің ең жоғары көрсеткіші тәулігіне бір жарым миллион  баррель мұнай болмақ.