20 мам, 2020 сағат 14:50

KASE: Қазақстандағы салық апталығы теңгенің нығаюына ықпал етті

Қазақстандағы салық апталығы теңгенің нығаюына әсер етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Онлайн-брифинг барысында Қазақстан қор биржасының (KASE) төрайымы Алина Алдамберген теңгенің долларға қатысты қалай нығайып жатқанын айтты, сондай-ақ ұлттық валютаның болашағына болжам жасады.

«Жыл басынан бері теңге 10,5% құлдырады. Бірақ қазір біз теңгенің нығайып жатқанын көріп отырмыз. Бұл салық апталығымен байланысты. Доллармен қамтамасыз ету артып келеді. Ұлттық валюта рубльге қатысты 6,8% нығайды», - деді Алина Алдамберген.

Оның айтуынша, наурызда теңге бағасының арзандауы дүниежүзіндегі белгісіздік пен экономикалық жағдайға байланысты болды.

«Бұл карантин және экономикалық белсенділіктің төмендеуіне байланысты болды, қолдау шаралары қабылданды. Ұлттық компаниялар тартылды, олар табыстың бөлігін валюта нарығында іске асырып жатыр. Одан әрі Ұлттық банк те наурыздағыдай нарықтың тұрақты болуына көмектесе алады. Ұлттық қордан трансфер ұлғайды», - дейді Қазақстан қор биржасының (KASE) төрайымы Алина Алдамберген.

Өз кезегінде, KASE талдау бөлімінің меңгерушісі Тамара Шадиева теңгенің нығаюына әлемдік экономиканың қалпына келе бастауы және көптеген елдердегі карантиндік шаралардың жойылуы әсер еткенін атап өтті.

«Сондай-ақ, салықтық төлемдер түрінде жергілікті қолдаудың маңызды факторы болды, өйткені біздің ұлттық экспорттаушы компаниялар 2020 жылдың бірінші тоқсанында шетел валютасындағы түсімдерді салық төлемдеріне айырбастады. Салықтарды төлеу 25 мамырда аяқталуы керек. Валюталық нарықта жағдай тұрақты, сондықтан теңге нығая бермек», – дейді ол.