27 сәу, 2022 сағат 14:20

Қаржы пирамидасы туралы заң бірінші жартыжылдықта қабылдануы мүмкін


Қаржы пирамидаларының алаяқтық әрекеттерін біле тұрып жарнамалаған адамдарды қылмыстық жауапқа тартатын заң бірінші жарты жылдықта қабылдануы мүмкін. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қаржы пирамидалары, бұл енді үлкен, күрделі мәселе. Әсіресе біздің өңірлерде халықтың, біздің тұрғындардың қаржылық сауатсыздығын пайдаланып, көбіне сондай бір алаяқтық істер жасап жатады. Бұл енді бір жағынан қылмыстық іс деп айтуға болады. Себебі, сол қаржы пирамидаларының берген уәделеріне адамдар сеніп, соңғы ақшаларын апарып береді. Енді оны өздеріңіз білесіздер. Солайша аяғында қиын жағдайларға ұшырап жатады. Өткенде үлкен қиын жағдай болды. Бір әйелдің осында өзін-өзі өртегеніне де куә болдық. Сондықтан, бүгінде, біз Парламент депутаттары, Мәжіліс депутаттары заң жобасын қазір жасап шықтық», - деді ол Мәжілістің баспасөз алаңында. 

Оның айтуынша, бұл заң жобасының қолға алынуына депуттар бастамашы болған. 

«Таяу уақытта осы заң жобасы қабылданады. Оның ішінде қаржы пирамидаларына бөгет жасайтын баптар бар. Негізгісі қоғамға белгілі адамдарға, әртістердің, вайнерлердің іс-әрекеттеріне, әсіресе сол алаяқтық екенін біліп тұрып жарнама жасайтын болса, көмектесетін болса, олар қылмыстық жауапқа тартылады. 

Қазір дәл уақытын айта алмаймын. Биыл қабылдаймыз деп ойлаймын. Биыл болғанда, бірінші жартыжылдықта іске алармыз деп ойлаймын», - деді Ерлан Қошанов.