ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова елдегі төтенше жағдай кезінде ақша және валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша ҰБ қабылдаған шаралар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елдегі жағдай тұрақтанған алғашқы күннен бастап Ұлттық банк қаржы нарығының қалыпты жұмыс істеуін қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады. Біріншіден, 7 қаңтардан бастап халыққа арналған негізгі банктік қызметтер кезең-кезеңімен қалпына келтірілді. Екіншіден, 10 қаңтардан бастап ақша және қор нарықтарындағы операциялар қайта қалпына келтірілді. Ұлттық Банк өтімділікті ұсыну және алу бойынша екінші деңгейлі банктермен күн сайынғы операцияларды қайта бастады. Банк секторының өтімділік тәуекелдерінің алдын алу мақсатында Ұлттық банк репо және своп нарығында өтімділікті барынша ұзақ мерзімге: 7, 30 және 90 күнге ұсынуға кірісті. Бұдан басқа, жағдайдың тұрақтануына қарай нарықты қолма-қол шетел және ұлттық валютамен үздіксіз нығайту бойынша жұмыс жүргізілуде», - деді Молдабекова.
Үшіншіден, 12 қаңтардан бастап валюта нарығындағы сауда-саттық іске қосылды. Ұлттық банк сауда-саттық қайта басталғаннан кейінгі алғашқы күндері шетел валютасына сұраныстың артуын және оның шектеулі ұсынысын күтті.
«Сондықтан, валюта нарығының ашылуы қарсаңында бұрын-соңды болмаған оқиғалар аясында теңгеге алыпсатарлық қысымның көрсетілуіне жол бермеу мақсатында валюталық интервенция жүргізуге дайын екенімізді мәлімдедік. Шынында да, валюталар бойынша бір аптаға жуық сауда-саттықтың болмауын ескере отырып, бизнес тарапынан, сол сияқты халық тарапынан шетел валютасына жинақталған сұраныс пайда болды. Жағдай теңге бағамының бұдан былайғы қозғалысы бойынша орын алған оқиғалар мен белгісіздік аясында валюта сатушылар санының өте шектеулі болуымен күрделене түсті», - деді ҰБ өкілі.