Фото: ашық дереккөз
2026 жылғы қаңтар–ақпан айларының қорытындысы бойынша республикалық бюджеттің кіріс бөлігі тұрақты түрде орындалды, деп хабарлайды Ult.kz Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
2026 жылғы 1 наурыздағы жағдайға сәйкес, салықтық түсімдер жоспары 113,7%-ға орындалып, бюджетке 2 979,0 млрд теңге түсті. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 677,5 млрд теңгені немесе 129,4%-ды құрады.
Оң динамика негізінен бюджет құраушы негізгі салықтар есебінен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша өсім 116,9%-ды құрап, түсім 118,0 млрд теңгеге артты. Ал қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша өсім 138,8%-ға жетіп, 428,6 млрд теңгеге ұлғайды.
Сонымен қатар ақпараттық кеңістікте 2026 жылдың қаңтар айының деректеріне сүйенген жекелеген сараптамалық бағалаулар жарияланған болатын. Алайда мұндай қорытындылар бюджет кірістерінің нақты көрінісін толық көрсетпейді. Себебі 2025 жылдың төртінші тоқсаны бойынша бірқатар негізгі төлемдердің мерзімі 2026 жылғы 25 ақпанға дейін белгіленген.
Осыған байланысты түсімдердің едәуір бөлігі дәстүрлі түрде ақпан айының қорытындысы бойынша қалыптасады. Нәтижесінде 1 наурыздағы жағдай бойынша ҚҚС жоспары 119,8%-ға орындалып, жоспарланған 1 281,0 млрд теңгенің орнына бюджетке 1 534,5 млрд теңге түсті.
