ҚР Қаржы министрлігі алдағы уақытта өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға жұмсалатын шығыстардың кейбір бөлігіне келісім бермеді. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қаржы министрлігіне жіберілген осы жолғы сайлау науқанына арналған шығыстардың болжамды сметасы шамамен 12 млрд теңгені құрайды. «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес Орталық сайлау комиссиясы аталған сайлау науқанын өткізу үшін шығыстардың болжамды сметасын есептейді. Ол аталған нормаға сай әзірленген және Қаржы министрлігіне жіберілген соманың 77 пайызы учаскелік және аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерінің жалақысына есептелген. Бұл есептеу ең төменгі жалақыны негізге ала отырып жасалды», - деді ол.
Оның айтуынша, учаскелік және аумақтық сайлау комиссияларының құрамында бюджет қызметкерлері, зейнеткерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және студенттер бар.
«Қаржы министрлігіне өтінімхат жібергенімізге екі күн өтті. Бүгін қорытынды күтіп отырмыз. Бірақ, кейбір позициялар қолдау таппады. Ол кейбір шығыстарды оңтайландырумен байланысты. Бұл дұрыс та. Себебі бұл болжамды смета еді. Бұған қоса Қаржы министрлігі өңірлердің баға ұсыныстарын да жіті қарап шықты. Біз сметаны аумақтық сайлау комиссияларының бюджеттік өтінімі негізде жасадық. Ал әр өңірдің өзіндік баға саясаты мен нарықтық жағдайы бар», - деді ОСК мүшесі.
Осы ретте Сәбила Мұстафина келесі аптаның басында Үкіметте алдағы сайлауға жұмсалатын шығындардың сметасы қаралатынын айтты.