Фото: ашық дереккөз
Қазақстандық шенеуніктердің иелігінде ең көп жылжымайтын мүлік орналасқан ел ретінде Ресей көш бастап тұр.
Қаржы министрлігі «Курсивке» хабарлағандай, мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары шетелде 2 877 үй, пәтер, жер учаскелері мен коммерциялық орындарды декларациялады, олардың 77%-ы Ресей аумағында орналасқан.
Министрліктің мәліметінше, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың 2 203 қызметкері шетелдік мүліктерін декларациялады. Олардың немесе жұбайларының иелігінде 2 646 үй мен пәтер, 217 жер учаскесі және 14 коммерциялық орын бар.
Қазақстандық шенеуніктердің ең көп жылжымайтын мүліктері орналасқан елдер:
- - Ресей — 2 218 жылжымайтын мүлік объектісі;
- - Түркия — 185 объект;
- - Қырғызстан — 45 объект;
- - Болгария — 44 объект;
- - Біріккен Араб Әмірліктері — 42 объект.
Аталған тұлғалардың офшорлық аймақтарда жылжымайтын мүлкі жоқ екендігі де атап өтілді. Дегенмен, объектілердің болжамды құны, сондай-ақ олардың иелерінің жұмыс орны мен лауазымы белгісіз. Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, бұл мәліметтер декларация толтырылған кезде көрсетілмейді.
Жыл басында мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері шетелдік банктердегі шоттарында 100 миллиард теңгеден астам қаражатты жария еткені хабарланған болатын. Бұл шоттардың көпшілігі Ресей, АҚШ және Францияда ашылған.