Фото: freepik.com
Ақтөбе облысында заңсыз ломбард қызметін ұйымдастырған азаматтың ісі сотқа жолданды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Ведомствоның Ақтөбе облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу нәтижесінде күдіктінің 2020 жылдан 2025 жылға дейін ешқандай лицензиясыз ломбард қызметін көрсетіп келгені анықталды. Ол ұялы телефон, теледидар, ойын консольдері мен фотоаппарат секілді техникаларды кепілге алып, азаматтарға қарыз беруді жүйелі түрде ұйымдастырған.
Ресми мәліметке сәйкес, заңсыз қызмет комиссиялық дүкендер түрінде бүркемеленіп жүргізілген. Осылайша күдікті уәкілетті органдардың бақылауынан жалтаруға тырысқан.
Тергеу барысында оның қаржылық қиындыққа тап болған азаматтардың жағдайын пайдаланып, тәулігіне 3,7 пайызға дейін өсімақы белгілегені белгілі болды. Бұл заңда көрсетілген 0,3 пайыздық шектен 12 есе жоғары.
Алынған заңсыз табыс көлемі 93 миллион теңгеден асқан.
Сот санкциясымен күдіктінің үш автокөлігі мен пәтеріне тыйым салынды. Оған қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қылмыстық іс сотқа жіберілді. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды заңсыз қаржылық ұйымдардан сақ болуға шақырады. Себебі мұндай құрылымдарға жүгіну мүлік пен қаражаттан айырылу қаупін арттырады. Сондай-ақ агенттік кепілмен қарыз беретін ұйымдардың лицензиясын міндетті түрде тексеруді ұсынады.
