17 сәу, 2026 сағат 13:38

Базарларда баға бақылауы күшейді: делдалдар қысқартылып жатыр

Фото: Inbusiness.kz

Қазақстанда өңірлік базарларда бағаның ашық қалыптасуын қамтамасыз ету бағытындағы шаралар күшейтілді, деп хабарлайды Ult.kz.

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі Премьер-министрдің тапсырмасы аясында өнімсіз делдалдарды қысқарту жұмыстарын жандандырды. Негізгі мақсат – бағаның негізсіз өсуіне әсер ететін факторларды жою және ашық тауар өткізу тізбегін қалыптастыру.

16 сәуірде Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев Түркістан қаласында Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының базар иелері және сауда нысандары әкімшіліктерімен кеңес өткізді.

Жиында ішкі сауда қағидаларын жетілдіру мәселелері қаралып, бөлшек сауда мен көтерме жеткізушілердің аражігін нақты ажырату арқылы жеткізу тізбегін жүйелеу қажеттігі айтылды. Бұл өз кезегінде қосылған құн қалыптастырмайтын, бірақ соңғы бағаға әсер ететін артық делдалдарды шектеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ базарларда ақпараттық жүйелерді міндетті түрде енгізу талабы күшейтілмек. Барлық шарттар, жалдау төлемдері мен сауда талаптары цифрлық форматта тіркелуі тиіс. Министрлік өкілдерінің айтуынша, мұндай жүйенің болмауы көлеңкелі айналым мен бейресми есеп айырысуларға жол ашады.

Ернұр Жәутікбаевтың сөзінше, қазіргі таңда базар қызметіне кешенді бақылау жүргізілуде. Бұл жұмысқа мемлекеттік кірістер органдары, ішкі істер органдары, антимонополиялық құрылымдар және жергілікті атқарушы органдар тартылған. Сонымен қатар сауда саласында хронометраж тетігі күшейтіліп, нақты айналым мен декларацияланған көрсеткіштер салыстырылуда.

Бақылау нәтижесінде заң бұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті ұйғарымдар беріліп, талаптарды орындамаған субъектілерге айыппұл салу және сот арқылы қатаң шаралар қолдану қарастырылған.

«Базар – жасырын схемаларға орын емес. Әрбір қатысушы заң аясында жұмыс істеуі тиіс. Сауда толықтай ашық әрі цифрлық форматта жүргізілуі қажет», – деді комитет төрағасы.


Бүгінде өңірлерде облыс әкімдерінің орынбасарлары жетекшілік ететін арнайы комиссиялар жұмыс істейді. Олар тауар жеткізу тізбектерін талдап, тиімсіз делдалдарды анықтап, оларды жүйеден шығару шараларын қабылдауда. Алайда кейбір өңірлерде бұл жұмыс жеткілікті деңгейде жүргізілмей отырғаны атап өтілді.

Жыл басынан бері елімізде 316 комиссия отырысы өтіп, нәтижесінде 76 делдалдық буын сауда тізбегінен шығарылған.

Министрлік әкімдіктерге бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, ашық әрі тиімді сауда жүйесін қалыптастыруды тапсырды. Сарапшылардың пікірінше, мұндай шаралар көлеңкелі экономиканы азайтып, халық үшін әділ баға қалыптастыруға ықпал етеді.