Елімізде пневматикалық және сигналдық қару, газ баллонын сатып алудың жаңа ережесі күшіне енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Енді азаматтар қару сатып алу үшін оны сататын дүкенде кәмелеттік жасқа толғанын дәлелдеу қажет. Сондай-ақ, сотталмағаны туралы және медициналық анықтамалар ұсынып, қару ұстаудың қауіпсіздік ережелерін білетіндігін дәлелдеуі керек», - деді ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов.
Оның айтуынша, мұндай шара полицияның рұқсатынсыз сатылған қарумен жасалатын қылмыстың саны көбейгендіктен қолға алынып отыр.
«Үй ауласында ойнап жүрген балаларды пневматикалық тапаншамен қорқытқан мас адамды полиция өкілдерінің ұстаған видеосы әлеуметтік желіге тараған болатын. Сол оқиға сөзімізге мысал бола алады», - деді М. Байболов.
ІІМ дерегі бойынша, 2017 жылдан бастап пневматикалық қару көмегімен 129 қылмыс жасалған. Оның 28-і қарақшылық, 79-ы бұзақылық, үшеуі кісі өлтіруге оқталу ретінде тіркелген.
Ал 2018 жылы Қазақстанға спорттық шараларда белгі беруге арналған 4 мыңнан астам сигналдық қару әкелінген.
Байболовтың айтуынша, қазақстандықтарға өзін-өзі қорғау мақсатында травматикалық қару ұстауға рұқсат берілмейді.
Мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қайғылы қазасынан кейін қазақстандықтар өзін-өзі қорғау мақсатында травматикалық қару пайдалануға қайта рұқсат беруді сұраған болатын. Министрлік өкілі ведомствоның бұл мәселедегі ұстанымы туралы айтты.
«Бұл мәселені біз қарастырдық. Талдау жасай келе, ондай қажеттілік жоқ деген шешімге келдік. Травматикалық қаруға 2014 жылы тыйым салынған болатын. Соңғы 5 жылда соның оң әсері байқалды. Көптеген адамдар оны заңға қайшы мақсаттарда пайдаланды. Қаруы бар адамдар кез келген кикілжің барысында оны қарсыласына кезенуді әдетке айналдырды. Сондықтан басқа елдер сияқты біз де тыйым енгізген болатынбыз. Ол тыйымның күшін жоятындай қажеттілік көріп отырған жоқпыз. Пневматикалық қару спорттық жарақ санатына жатады. Сондықтан ол тек нысана көздеуде ғана қолданылуы керек», - деді М. Байболов.