27 сәу, 2023 сағат 18:12

Қарсы шабуыл күтпеген жерден болады – Украинаның Қорғаныс министрі

Фото: pravda.com.ua

Украинаның қарсы шабуылы кешіге бастады. Әуелі наурыз айында, одан кейін сәуірдің соңында болады деген Ресей әскеріне қарсы шабуыл енді шілде айына жоспарланып отыр, деп хабарлайды Halyq Uni сайты.

Украинаның Қорғаныс министрі Алексей Резниковтың айтуынша, қарсы шабуыл туралы неғұрлым аз айтылса, соғұрлым сәтті болады. Алайда оның қашан болатыны және қай жерден басталатыны белгісіз. Бір ғана анық нәрсе, ол ешкім күтпеген жерден жасалады.

"Қарсы шабуыл сізге де, басқаға да күтпеген жерден басталады. Оның сәтті өткенін қаласақ, дабыра етпейік", – деді Резников.

Оның сөзінен белгілі болғандай, қазір Украинаның әуе қауіпсіздігі өте маңызды. Өйткені Ресей армиясының апта сайын ұшырып жатқан зымырандарынан елдің бейбіт халқы зардап шегіп келеді. Қаза тауып жатқандар да бар.

"Сондықтан Украинаға дәл қазіргі кезде әуе қорғаныс күштері өте керек. Олардың артықшылығы – елдің аспанын қорғайды", – деді Резников.

Министрдің пікірінше, Ресей келіссөздерді қалап отыр. Бірақ абыройсыздықтан қалай шығатынын білмейді. Өз абыройын сақтап қалудың жолдарын іздеп жатыр.

Қазір қолда бар мәліметке қарағанда, Украинаға қарсы Ресейдің 48 бригадасы мен 122 полкі соғысып жатыр. Басқыншы әскердің жалпы саны – 369 мың адам. Ал техника саны – 5,9 мың.