05 қар, 2020 сағат 07:30

Қарин жүргізушіден бірнеше құжатты талап етпейтін заң жобасына қатысты пікір білдірді

Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин Мәжілісте талқыланған жүргізуші куәлігін алып жүрмегені үшін жауапкершіліктен босататын заң жобасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгін Мәжіліске «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол қозғалысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы келіп түсті. Оны Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық сенім кеңесі аясында әзірледі. 2019 жылдың желтоқсанында Ұлттық кеңестің екінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көлік жүргізушілерін үйде кейбір құжатты ұмытып кеткені үшін жазалауды тоқтату туралы бұйрық берді. Өздеріңіз білетіндей, қазір жүргізушілер өзімен бірнеше құжатты, атап айтқанда жеке куәлік, көлік жүргізу куәлігін, тіркеу куәлігі, техникалық және сақтандыру құжатын алып жүруі тиіс. Президент қағаз құжаттардың санын азайтып, барлық деректерді біріктіруді ұсынды. Үкіметке осы мәселелердің барлығын пысықтауды тапсырды. Нәтижесінде тиісті заң жобасы әзірленді», - деп жазады Ерлан Қарин. 

Ендігі кезекте жаңа нормаларға сәйкес автокөлікпен жүрген кезде тек бір ғана құжат – жеке куәлік немесе жүргізуші куәлігі талап етіледі. 

«Қазіргі уақытта республикада 4,2 миллионға жуық көлік тіркелген. Әрбір үшінші азамат көлік басқаруға құқылы. Сондықтан бұл нормалардың қабылдануы халықтың едәуір бөлігін қамтиды», - деген Ерлан Қарин әлеуметтік желі арқылы Президенттің 2019 жылғы 20 желтоқсандағы Ұлттық кеңестің екінші отырысында сөйлеген сөзінің видеосын жариялады.

Еске сала кетсек кеше Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлейтіні хабарланғанболатын. 

«Заң жобасы жүргізушінің жүргізуші куәлігі мен Қазақстан Республикасында берілген көлік құралы тіркеу куәлігін өзімен бірге алып жүруді міндеттейтін норманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті алып тастауды, сондай-ақ көлік құралдарының кейбір түрлерін пайдалану тәртібін реттеуге бағытталған. Комитет аталған заң жобасын жұмысқа алуға және ол бойынша 2021 жылғы 26 қарашаға дейін қорытынды әзірлеуге дайын», - деді Мәжіліс депутаты.