Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысында айтылған ұсыныстар толықтай орындалды. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Карин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елімізде төтенше жағдай режимінің енгізілуіне қарамастан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері ауқымды жұмыс жүргізді. Ең алдымен Ұлттық кеңестің мүшелері Мемлекет басшысының 2-отырыста берген тапсырмаларын іске асыру бойынша жұмыстарға белсене қатысты. Берілген тапсырмаларды іске асыру мақсатында ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы 21 тармақтан тұратын арнайы іс-шаралар жоспарын бекіткен болатын. Осыдан кейін мемлекеттік органдар және Ұлттық кеңес мүшелері бірлесе отырып, берілген бағыттарды жүзеге асыруға кірісті. Әсіресе, заң жобалары бойынша жұмыс топтарындағы талқылауларға қатысу Ұлттық кеңес мүшелерінің негізгі жұмыс бөлігін құрады», - деді ол.
ҚР Президенті кеңесшісінің атап өтуінше, Ерлан Саиров, Мұхтар Тайжан, Асылбек Қожахметов, Асхат Садырбай, Марат Бәшімов, Мұрат Әбенов бейбіт жиналыстар, саяси партиялар және сайлау туралы заң жобалары бойынша жұмыс топтарының талқылауларына күн сайын қатысып, өз ұсыныстарын енгізіп отырды. Жалпы алғанда мұндай шамамен 20 талқылау өткізілді. Сонымен қатар Ұлттық кеңес мүшелерінің қатысуымен Парламентте парламенттік оппозиция институтын енгізу, Қылмыстық кодекстің 130-бабын декриминилизациялау, 174-бапқа өзгерістер енгізу бойынша басқа да заң жобалары қарастырылды.
«Олар дағдарысқа қарсы жұмыстың түрлі бағыттарына да тартылды. Ерлан Саиров пен Айдос Сарым Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен коронавирусқа қарсы күрес жағдайында әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету үшін құрылған «Біргеміз» қорының қамқоршылық кеңесіне кірді. Оған қоса, еліміздің өңірлерінде коронавирсқа қарсы іске асып жатқан күрес шараларының тиімділігі Ұлттық кеңес мүшелерінің тарапынан үнемі бақылауда болды», - деді Ерлан Карин.
Оның айтуынша, мәселен, Марат Шибұтовтың сұранымы негізінде Алматы қаласындағы жүк тасымалы бойынша кейбір мәселелер түзетіліп, жақсартылды. Айдос Сарым БАҚ жұмысының жекелеген сұрақтары және тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының өсуі бойынша мәселе көтерді. Ал Асылбек Қожахметов Ақмола облысындағы жедел штаб жұмысымен танысты. Президент кеңесшісі Бағдат Мусиннің жетекшілігімен құрылған жұмыс тобы мектеп оқушыларын қашықтан оқыту процесін тиімді ұйымдастыру жұмыстарына атсалысты.
«Нәтижесінде бүгінгі күнге дейін Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысында берген тапсырмаларын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарының 11 бағыты толықтай іске асты. Оған қоса бірқатар заңнамалық актілердің жобалары ҚР Парламентінде талқылаудан өтуде. Сондықтан Ұлттық кеңес мүшелері дайындаған ұсыныстардың негізгі бөлігі іске асты деуге болады», - деде ҚР Президентінің кеңесшісі.