«Ардагерлер туралы» Заңның қабылдануы - ардагерлерімізге лайықты қамқорлық көрсетудің тағы бір көрінісі. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгін, Отан қорғаушылар күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ардагерлер туралы» Заңға қол қойды. Бұл заңмен аға ұрпақ ардагерлермен қатар, Тәуелсіздік жылдары (Тәжік-Ауған шекарасы мен Иракта) әскери борышын атқарған ардагерлердің де әлеуметтік жағдайы қамтамасыз етіледі», - деп жазды Е. Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында.
Осы орайда ол бұл заңның бірқатар нормалары Ұлттық кеңестің аясында көтеріліп, талқыланғанын еске салды.
«Сол ұсыныстарға қатысты Президент Үкіметке, тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма беріп, өз бақылауына алған болатын. Сондықтан, бұл заңның қабылдануы Мемлекет басшысының ардагерлерімізге лайықты қамқорлық көрсетудің тағы бір көрінісі», - деді Ерлан Қарин.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 30 сәуір күні Парламент Сенатының жалпы отырысында «Ардагерлер туралы» Заңы қабылданды.
Заң жобасының негізгі мақсаты – ардагерлерді әлеуметтік қорғауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнамалық актілерді жүйелеу, қайта қарау және ардагерлердің жаңа санаттарын қалыптастыру.
Сонымен қатар, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе Заң екі оқылымда қаралып, қабылданды.
Оны әзірлеу қажеттілігі бірқатар заңнамалық актілерді «Ардагерлер туралы» заң жобасына сәйкес келтірумен байланысты. Негізгі жаңа өзгерістер әлеуметтік төлемдерге қатысты болып отыр.