Фото: © Sputnik / Владислав Воднев
Кәрім Мәсімовке қатысты іс бойынша деректер жарияланбайды. Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тергеу амалдары барысында бәрі анықталды. Әрине, мен көп нәрсені айта алмаймын. Бірақ ол (Мәсімов) тиісті шешім қабылдамады. Бірінші басшы өзі қабылдауы тиіс шешімдерді қабылдамаған. Осымен болды. Сондықтан ол қылмыстық жауапкершілікке тартылады», - деді Қалқабаев Мәжілісте тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен қатар ол іс материалдарының деректері жарияланбайтынын айтты.
«Іс деректері өте құпия. Ол бойынша толық ақпарат берілмейді. Мемлекеттік құпияны жария етпеу туралы заң бар. Қылмыстық іс «өте құпия» санатына жатқызылған», - деді Марат Қалқабаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл сәуір айында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке және оның орынбасарлары А.Садықұловқа, Д.Ерғожинге, М.Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкімін жария етті.
Сот шешімімен аталған үш бап бойынша да кінәлі деп танылған К.Мәсімов - 18, А.Садықұлов - 16 жылға, Д.Ерғожин тағылған айыптарға сәйкес - 15 жылға, М.Осипов болса билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бабымен 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушылардың барлығы өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым иелене алмайды. Сонымен қатар барлығы генерал шендерінен және мемлекеттік наградаларынан айырылады.