Фото: Астана сотының баспасөз қызметі
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов шығарылған үкімге қатысты апелляциялық шағым түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Апелляциялық шағым түсірілді, бірақ іс апелляциялық сотқа әлі келіп түскен жоқ. Атап айтқанда, іс «аса құпия» белгісімен қаралғандықтан, басқа мәліметтер жария етуге жатпайды», - делінген қалалық сот баспасөз қызметінің мәліметінде.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 24 сәуірде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке және оның орынбасарлары А.Садықұловқа, Д.Ерғожинге, М.Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкімін жария етті.
Мәсімов 18 жылға сотталған еді.
Айта кетейік, ҰҚК-нің экс-басшысына қаңтар оқиғасы бойынша айып тағылған болатын. Бас прокурор Берік Асылов атап өткендей, тәртіпсіздіктер кезінде Мәсімовтің тапсырмасы бойынша ҰҚК департаменттерінің жеке құрамы жұмыс орындарын тастап кеткен.
Тергеу «аса құпия» белгісімен жүргізілді.