"ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов жұмыс сапары барысында Павлодар әуежайының қауіпсіздік жүйесімен танысты", - деп хабарлады Pm.kz.
Елімізде, әсіресе, маңызды мекемелерде, адамдар көп жиналатын жерлерде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету және күшейту қажеттігі туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 10 маусымда Ақтөбеде және 18 шілдеде Алматыда орын алған оқиғаларға байланысты өткен Қауіпсіздік кеңесі отырысында айтқан еді.
«Басқа елдер үлгісінде барлық әуежайларды, авто және теміржол вокзалдарын заманауи тексеру жүйелерімен, аулаларды - сапалы бейнебақылаумен қамтамасыз ету қажет. Бұл шаралардың барлығы азаматтарға қолайсыздық туғызбауы тиіс», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Жұмыс барысында терроризм қатері факторын ескерумен қауіпсіздік шараларын күшейту туралы нұсқау барлық тиісті ұйымдарға, оның ішінде Қазақстанның әуежайлары мен әуе компанияларына жіберілді.
Аймақтарға сапары барысында К.Мәсімов көлік инфрақұрылымы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін ерекше бақылауына алады. Осыған дейін Премьер-Министр Ақтөбе, Қарағанды, Талдықорған, Қостанай әуежайларын тексеріп, Петропавл қаласының әуежайын жөндеуден өткізу жұмысымен танысты.
Павлодарда К.Мәсімов әуежайдың күту залын, жолаушылар мен жүктерді тексеру орындарын аралап шықты. ҚР Премьер-Министріне әуежайдың инженерлік-техникалық беріктігі мен лаңкестікке қарсы қауіпсіздігі туралы баяндалды.
«Павлодар әуежайы» АҚ 1972 жылы пайдалануға берілген, 2011 жылы ол қайта жөндеуден өтті. Қазіргі таңда әуежайда Алматы, Астана, Мәскеу, Санкт-Петербор, Минск, Сочи, Анталия және басқа да ішкі және халықаралық бағыттар бойынша тұрақты рейстер қамтамасыз етіледі.
Аэровокзал сағатына 200 жолаушыны, ал терминал сағатына 100 жолаушыға дейін өткізе алады. Әуежай кешені қажетті арнайы техникамен жабдықталған және әуе кемелеріне қызмет көрсететін, жолаушылар және ұшу-қону жолағы мен перрон жұмысын қамтамасыз ететін персоналдар қарастырылған.