Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Президенттің Абайдың 175 жылдығын тойлау аясында ысырапшылдыққа жол бермеуге қатысты тапсырмасы қалай орындалатынын айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Әрине, Мемлекет басшысы нақты тапсырма беріп, ысырапшылдыққа жол бермеу керектігін ескертті. Президент «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында «Абайдың тойынан да, ойынан да тағылым алуымыз керек» деп айтқан болатын. Абайдың өзі де «бекер мал шашпақтықты» құптамаған. Одан да халқымызға, мемлекетімізге мұра ретінде қаларлық дүние жасауымыз керек. Мемлекет басшысының ықшамдау және қаражатты бекерге шашпау бойынша берген тапсырмасына орай нақты жұмыстар жүргізіліп, биылғы жоспарға өзгертулер енгізіледі. Әрине, әр шараның деңгейіне байланысты айтылған тапсырма орындалады. Бастысы – Абай мұрасын насихаттау. Бірінші бөлінген қаражаттан ықшамдалады», - деді Нұрғиса Дәуешов.
Вице-министр бұл ретте шаралардың сапасына маңыз берілетінін қосып өтті.
Еске сала кетсек, өткен айда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың 175 жылдығына арналған шаралар қандай бағытта өтуі керектігін түсіндіріп, ысырапшылдыққа жол бермеу керектігін ескерткен болатын.
«Шетелдік әртістерді тартудың қажет жоқ. Яғни, демеушілік қаржы бөлінгеннің өзінде, ысырапшылдық керек емес. Менің ойымша, осы шараларды іскерлік тұрғыда өткізуге болады», - деген еді Президент.