Қазақстан Үкіметі мен Қарашығанақ жобасының акционерлері туындаған келіспеушілікке байланысты ортақ мәмілеге келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«ҚР Энергетика министрлігі, ҚР Қаржы министрлігі мен уәкілетті орган - «PSA» ЖШС атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қарашығанақ жобасының акционерлері - Эни, Шелл, Шеврон, Лукойл және ҚазМұнайГаз (консорциум) шынайылық индексі бойынша пікірталасқа нүкте қойып, нақты бір мәмілеге келді. Тараптар келіспеушілікті реттеудің негізгі шарттарын қамтитын қағидаттар туралы келісімге қол жеткізді», - делінген хабарламада.
Белгілі болып отырғандай, Қазақстан мен концорциумның арасында кірісті өнімді бөлуде тараптардың үлесі калькуляциясының әдістемесі бойынша келіспеушілік туындаған. Осыған байланысты Қарашығанақ жобасының өнімді бөлу туралы соңғы әрі нақты шешімінің шарттарына сәйкес, республика өзінің құқығын қорғау үшін халықаралық арбитражқа жүгінген еді.
«Алайда көпжылғы ынтымақтастықты ескере келе, тараптар келіссөз жүргізу барысында дауды дұрыс реттеудің өзара тиімді жолын тапты. Осылайша, тараптар дауды реттеудің негізгі шарттарын қамтитын қағидаттар туралы келісімге қол қойды», - делінген хабарламада.
Яғни, біріншіден консорциум республикаға 1,111 млрд АҚШ доллары мөлшерінде ақшалай өтемақы төлейді. Екіншіден, өнімді бөлу механизміне өзгерістер енгізіледі. Энергетика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бұл өзгерістер мұнай бағасы барреліне 80 АҚШ долларлық мөлшерді сақтап тұрған жағдайда 2037 жылға дейін республикаға жоба есебінен қосымша 415 млн доллар әкеліп тұрады. Үшіншіден, концорциум инфрақұрылымдық жоба құрылысы үшін республикаға 10 жыл мерзімге займ береді, болмаса (бас тартқан жағдайда) құны 200 млн АҚШ долларлық займның эквивалентті бағасын төлеп береді.
«Осылайша, аталмыш дауды реттеудің біріктірілген ақшалай құндылығы республика есебіне 1,7 млрд АҚШ долларын әкеледі. Жуық арада аталмыш соманың 1,3 млрд доллары мемлекетке аударылатын болады. Мәмілеге қосымша ретінде Үкімет Қарашығанақ инвесжобаларының дамуы үшін концорциум міндеттемелер алатындай келісімге қол жеткізіп отыр», - делінген Энергтетика министрлігінің хабарламасында.